Цифрлық даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі және Әділет министрлігімен бірлесіп жер және жылжымайтын мүлік саласы бойынша бірыңғай ашық деректер базасын құрды. Бұл «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жаңа ақпараттық жүйесіне көшу шеңберінде жасалды.

ЖМБ МК-ны енгізудің арқасында онлайн сауда-саттық арқылы жер учаскесін беру жобасы іске асырылатын болады. Бұл қызмет жер учаскелерін беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді. Қызметті алу жолдары Электрондық үкімет порталын, ЖМБ МК, өңірлік геоақпараттық жүйені (ӨГАЖ) және ҚР ҚМ электрондық сауда-саттық алаңын (ЭСА) интеграциялау арқылы іске асырылды. Осының есебінен өтінішті қарау кезінде цифрлық бақылау қамтамасыз етіледі және әкімдіктердің өтініштен негізсіз бас тартылған жағдайларын толық тексерістен өткізетін болады.

Ағымдағы жылдың 16-18 маусымы аралығында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жаңа ақпараттық жүйесіне көшу жұмыстарының екінші кезеңі өтеді. Осыған байланысты жылжымайтын мүлік және жер кадастры саласы бойынша көрсетілетін қызметтер уақытша қолжетімсіз болады.

Екінші кезең мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен (МЖК ААЖ) деректерді көшіруді қамтиды. Бұған дейін «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорынан (ЖМТ МДҚ) көшу бойынша жұмыстар жүргізілген болатын.

Жаңа жүйеге көшудің екінші кезеңі 16 маусым жұмыс күні аяқталғаннан кейін 17 және 18 маусым аралығында демалыс күндері өтеді. Бұл күндері азаматтарға электрондық сервистер арқылы көрсетілетін жылжымайтын мүлік және жер кадастры саласындағы онлайн-қызметтер қолжетімсіз болады.

 «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесі іске қосылғаннан кейін, жер учаскесіне құқықтарды рәсімдеу жолдары ашық түрде өткізіліп, қызмет көрсету жүйесі толық автоматтандырылады. Жаңа жүйеде барлық қызметтер электронды түрде жүзеге асырылады. Жүйенің басты ерекшелігі артық құжаттарды көрсету талап етілмейді (таңдау актісі, жерге орналастыру жобасы, комиссия хаттамалары). Мемлекеттік акт пен техпаспорт жылжымайтын мүлік объектісінің бірыңғай кадастрлық паспортына біріктіріледі. Сонымен қатар, өтінішті қарау ұзақтығы 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарады.

Айта кетейік, МЖК ААЖ-да көшіруді талап ететін тарихи учаскелерді қоса алғанда, рәсімделген жер учаскелерінің сәйкестендіру сипаттамалары туралы құжаттар саны шамамен 6 млн мәліметтерді қамтиды. Одан бөлек, еліміз бойынша жер учаскелеріне күн сайын мыңға жуық акт дайындалады.

Мәселен, ЖМТ МДҚ-дан көшу кезінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу туралы 18 миллионнан астам мәліметтер көшірілді. Оның ішінде қазіргі уақытта тіркелген құқықтар, сондай-ақ, тоқтатылған құқықтар, тарихи деректер, жылжымайтын мүлік объектілерінің сәйкестендіруі, техникалық деректері және олардың ауыртпалықтары енгізілген.

Анықтама үшін: Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 5 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Мемлекеттік корпорация жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру мақсатында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін іске қосу бойынша жұмыстар жүргізді. Жүйе екі дерекқордан «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік дерекқоры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтерді қамтиды. Жылжымайтын мүлік желісі бойынша ЖМТ МДҚ базасынан ЖМБ МК-ға деректерді көшіру аяқталған сәттен бастап 230 мыңнан астам қызмет көрсетілді.