Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі (ЦДИАӨМ) және Армида Алисджабана, БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АзТМЭӘК) Атқарушы хатшысы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандум Солтүстік және Орталық Азияда сарапшылардың консультациялары мен үкіметаралық кеңестерді, оның ішінде өңірлік деңгейдегі АзТМЭӘК-тің ағымдағы бастамалары мен тиісті жобалары арқылы ұйымдастыруды қоса алғанда, ынтымақтастықтың түрлі салаларын айқындайды.

"Қазақстанда стартаптар экожүйесі дамып келеді, мықты IT-чемпиондар мен отандық технологиялық шешімдер пайда болды. АзТМЭӘК-пен тығыз ынтымақтастық саланың дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз электронды Үкімет, интернетпен қамту және т.б. сияқты инновациялық шешімдерімізді дамытып, кеңейте аламыз, біздің көршілерімізге ұсынатын нәрселеріміз бар, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан біздің технологияларымызды қабылдауға мүдделі", – деп атап өтті Бағдат Мусин.

Бұдан басқа, тараптар цифрлық байланыстар мен трансформацияға сәйкес жапсарсыз цифрлық нарықтарды ілгерілету мақсатында директивалық органдар үшін цифрлық шешімдердің әртүрлі пакеттерін ұсынуда Орталық Азия елдері мен Моңғолияны қолдау үшін Қазақстан Республикасында цифрлық шешімдердің субөңірлік орталығын құрудың ықтимал нұсқаларына талдамалық зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.

Анықтамалық:

АзТМЭӘК-Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік Кеңесі құрған және штаб-пәтері Бангкокта, Таиландта орналасқан; Азия-Тынық мұхит аймағындағы экономикалық және әлеуметтік дамуға жәрдемдесу үшін жауап береді.