Eurasian Space Ventures (ESV) жеке компаниясы мен Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркі Қазақстанның аэроғарыш индустриясы үшін ақпараттық-коммуникациялық технология жобаларын құру бағытын бірлесіп дамытып, ынталандыратын болады. Тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісім аясында ESV және Astana Hub аэроғарыш саласындағы қазақстандық және шетелдік IT-компаниялар мен стартаптардың әлеуетін дамыту және таныстыру үшін бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тараптар ESV Hub SpaceTech акселераторын іске қосуды көздеп отыр.

«Қазақстан ғарыш саласын тиімді коммерциялық дамыту үшін, ең алдымен инфрақұрылым, спутниктер мен ғарыш аппараттарын жобалау және өндіру мүмкіндіктері есебінен үлкен әлеуетке ие. Сондықтан біз Astana Hub технопаркімен ынтымақтастықтың түрлі нұсқаларын көріп отырмыз, онда стартаптар мен IT-компаниялар шоғырланады. Біз аэроғарыш индустриясының дамуына өз үлесін қосуға қабілетті серпінді жобалар мен мықты командалардың акселерациясын күтеміз. Сонымен қатар, біз өскелең ұрпақтың ғарыш техникасы мен технологиясына деген қызығушылығы мен ынтасын арттыруға ниеттіміз», - деп атап өтті ESV негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов.

Өз кезегінде, бүгінде 800-ден астам қатысушы тіркелген Astana Hub ғарыш жобаларын бірлесіп әзірлеу үшін идеялармен алмасуға, дарынды жастарды осы саланы дамытуға тартуға дайын екенін білдірді.

«Технопарк қазір Орталық Азиядағы ең тартымды IT-хаб болып табылады. Біздің қатысушыларымыздың 2021 жылғы табысы 166 млрд теңгені құрады. Бізге тұрақты негізде инновациялық идеялар мен жобалар келеді, біз оларды қолдап, іске асыруға көмектесеміз. Біздің стартаптар мен IT-компаниялар Қазақстанның аэроғарыш индустриясын одан әрі дамытуға серпін беретініне сенімдімін», - деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Айта кетейік, Eurasian Space Ventures - SpaceChain-мен бірлесіп екі бірегей ғарыш жобасын ғарышқа ұшырумен, сондай-ақ елге ғарыш саласының жетекші әлемдік компанияларын, технологияларын тартумен айналысатын алғашқы қазақстандық жеке ғарыш компаниясы.

Astana Hub - қазақстандық және шетелдік IT-компаниялардың еркін дамуы үшін жағдайлар жасалатын IT-стартаптардың ірі халықаралық технопаркі.

https://astanahub.com/article/eurasian-space-ventures-i-astana-hub-dogovorilis-sovmestno-razvivat-ikt-startapy-v-aerokosmicheskoi