ISO TK 241 «Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі» халықаралық
стандарттау ұйымының халықаралық техникалық комитетінің жыл сайынғы
отырысы алғаш рет Қазақстанда ҚР Көлік министрлігінің және Автомобиль
жолдары комитетіне қарасты Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының
бастамасымен ұйымдастырылып отыр.
17-ші отырыс елордасы Астана қаласында 11-14 желтоқсан аралығында
өтеді. Оған халықаралық техникалық комитеттің төрағасы Вивека Одлен
(Швеция стандарттау институты), Көлік министрлігінің Автомобиль
жолдары комитеті және «ҚазжолҒЗИ» АҚ, «Қазстандарт», Дүниежүзілік
Банк, ҚР ІІМ, Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты,
Q88 аумақты тұрақты дамыту қауымдастығының және Sergek Group
басшылығы мен өкілдері қатысып жатыр. Алдыңғы кездесулер Канадада,
Швецияда, Қытайда, Жапонияда, Ұлыбританияда және Непалда өткен
болатын.
Іс-шара көлік саласында 2 жаңа халықаралық стандарттарды әзірлеу
және оларды күллі әлемде енгізу мәселелеріне арналған. Атап айтқанда,
автономды көлік құралдарының этикалық хаттамасын (жасанды интеллект
үшін) көздейтін 39003 стандарты және такси агрегаторлары үшін 39004
стандарты. Екі стандарт та жаңа зияткерлік және пилотсыз технологияларды
дамыту жағдайында автожолдардағы жол-көлік оқиғаларының санын
азайтуға бағытталған.
«Аталған стандарттардың ауқымы шағын болғанымен,
адамдардың өмірі үшін маңызы зор. Мысалы, сандық платформа
алаңдарын пайдаланатын кейбір такси жүргізушілерінің жұмыс уақыты
тек таңертең аяқталады. Ал статистика мәліметтеріне сәйкес,
таңертеңгі сағат 4 пен 5-те өліммен аяқталған жол-көлік
апаттарының саны өте көп. 39004 стандарты компанияларға
жүргізушілер үшін нормаланған кестені өздерінің инфожүйелеріне
енгізуге мүмкіндік береді. Автономды көлік үшін де солай. Яғни, 39003
стандарты автокөліктің жасанды интеллект жүйесіне төтенше
жағдайда этикалық шешімдерді енгізуді көздейді», - деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ
стандарттау департаментінің директоры Нұржан Досаев.
Аталған халықаралық стандарттарды енгізу бойынша қорытындыны
техникалық комитеттің жұмыс тобы 2024 жылдың соңына дейін шығарады.
*ИСО 241 «Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі» техникалық комитеті жол қозғалысы
қауіпсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарды әзірлеу және енгізу үшін маңызды алаң
болып табылады. Қазақстанды қоса алғанда, 56 елдің мамандары үнемі талдау жүргізеді және
енгізілген стандарттар бойынша статистиканың корреляциясы шығарылады. Қазақстан 2021 жылы
241 комитетінің толыққанды мүшесі болды.
Бұған дейін осындай отырыстар Қазақстанда екі рет өткен. Мәселен, 2008 жылы ТК 90
«Табиғи газ», ал 2019 жылы ТК 40 «Темір жол көлігі» отырысы ұйымдастырылған.
Іс-шараның ұйымдастырушысы Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ Q88
аумақты орнықты дамыту қауымдастығының қолдауымен Қазақстан стандарттау және метрология
институты болды.