ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев
Парламент Мәжілісінің отырысында «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден
одағының кедендік аумағындағы еркін экономикалық аймақтар және еркін
кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер
енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасындағы негізгі
жаңашылдықтар туралы айтып берді.


Ведомство басшысының айтуынша, 2018 жылдың 1-ші қаңтарында Еуразиялық
экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі күшіне енген еді. Жаңа кодексті ескере
келе одаққа мүше мемлекеттердің барлық қажетті нормативтік-құқықтық құжатын
өзектендіру қажет болды. Осыған орай 2021 жылдың 19-шы қазанында Еуразиялық
экономикалық одаққа кіретін 5 елдің басшылары арнайы экономикалық аймақтарға
қатысты келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойған болатын.
«Бұл хаттамада заңға байланысты, сондай-ақ редакциялық сипаттағы
өзгерістер енгізу, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одағының Кеден
кодексінің нормаларына сәйкес негізгі терминология мен кедендік реттеу
мәселелерін сәйкестендіру көзделген», деді Марат Кәрімжанұлы.


Министр айтқандай, аталған заң жобасына сәйкес кез келген резидент
тіркелген жеріне (кәсіпорын) байланысты сол жөніндегі ақпаратты осы одақтың
ресми сайтында орналастыруға тиіс. Бұдан бөлек еркін кеден аймағының кедендік
рәсімін реттеу, яғни Еуразиялық экономикалық одағының Кеден кодексіне және
дауларды шешуге арналған ұйымдық келісімшартына сілтеме енгізіліп отыр.
Бұл ретте осы заң жобасы Мәжіліске 2022 жылдың желтоқсанында енгізіліп,
биылғы сәуірде Парламенттің жұмыс тобының қарауына қабылданғанын айта
кеткен орынды. Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша заң жобасын
депутаттардың басым бөлігі қолдады.


ҚР ИИДМ баспасөз қызметі