ІІМ-де «Digital Police Day: «Заң мен Тәртіпті» цифрлық шешімдер арқылы қамтамасыз ету» тақырыбында форум өтті. Оған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, IT-компаниялардың, азаматтық қоғамдастықтың өкілдері, депутаттар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ студенттер мен курсанттар қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 30-дан астам цифрлық құжатты енгізу және оларды халық арасында пайданалу полиция органдары қатысуының арқасында орын алғанын атап өтті.

«Қазірдің өзінде автокөліктерді қайта тіркеу транзакцияларының 60%-дан астамы онлайн режимде жүзеге асырылады. Жүргізуші куәліктерін онлайн түрде қайта рәсімдеуге болады, жеке куәліктерді беруде өзіне-өзі қызмет көрсетуін енгізіп жатырмыз және қолдану аясы кеңейеді деп сенемін. Ішкі істер органдарының жетілген цифрлық инфрақұрылымы осы жетістіктің негізгі факторларының бірі болып саналады», - деп атап өтті Цифрлық даму министрлігінің басшысы.

Полиция ведомствосының өкілдері қонақтарға полицейлердің күнделікті қызметінде, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, құқық бұзушылықтың алдын алуда және қылмысқа қарсы күресте қолданатын заманауи технологиялары туралы айтып берді.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов күнделікті полиция қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Қазір бізде саланы бюрократиядан арылту және оңтайландыру үдерісі белсенді жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің басты назары құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, өздерінің негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Цифрлық шешімдер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде тәртіп сақшылары жұмысының тиімділігін арттыруға ғана емес, сондай-ақ ықтимал құқық бұзушыларды тәртіпке келтіруге де көмектеседі», - деп атап өтті ІІМ басшысы.

Сондай-ақ Бағдат Мусин бүгінгі таңда көлік кепілін тіркеу және кепілді алып тастау процесі мемлекеттік қызмет болып табылмайтынын және бұл процесс бірнеше банктерді қоспағанда, мобильді қосымшалар арқылы, Әкімшілік полиция басқармаларымен қағаз форматта қолма-қол жүзеге асырылатынын айтты.

«Кепілді тіркеу (кепілді алып тастау) үшін Әкімшілік полиция басқармасына банктің хатымен келіп, құжаттарды тапсыру керек. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де бар, өйткені қолданыстағы ережелер тіркеу мерзімін 2 жұмыс күні деп белгілейді, бірақ іс жүзінде полиция қызметкерлері тіркеуді тезірек аяқтай алады. Сондықтан қызметті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізуді және оны Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында енгізу ұсынылады, бұл процесті жеделдетеді. Бір сұранысқа бір күн кетеді. Сонымен қатар, халықтың және бизнестің Әкімшілік полиция басқармаларына баруын болдырмау арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендейді, сондай-ақ полиция қызметкерлеріне түсетін жүктеме азаяды», - деді Министр.

Жиналғандарға азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті қорғау бойынша жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндіктері көрсетілді. Атап айтқанда, бұл ҚАЖ мекемелері мен қызметтік үй-жайлардағы үздіксіз бейнебақылау, смартжетондар, дабыл батырмалары, хабарламаларды қабылдаудың көп арналы жүйесі және жол жүрісі қағидаларын бұзушыларды анықтауға көмектесетін «Қорғау» жүйесі.

Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша CyberPol жобасы туралы егжей-тегжейлі айтылды. Полиция байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлерден жасалатын қоңырауларға техникалық тосқауыл қойды, соның арқасында 44 миллионнан астам қоңырау бұғатталды. Бұл зардап шеккендердің санын 2,5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, елден тыс жерге шығарылғалы жатқан шамамен 246 млн теңге бұғатталды, сондай-ақ 850 млн теңге сомасына залалды өтеу қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ, жиында ішкі процестерді автоматтандыру нәтижелері, жедел қызметтің өзекті мәселелері, қоғамдық тәртіпті сақтау және жалпы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/726312?lang=kk