ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген «Minerals.gov.kz» жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жер қойнауын пайдаланушылардан қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алу үшін электрондық нысанда өтініштер қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл бизнес-процестерді автоматтандыру, жеделдету және жеңілдету арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысын едәуір жеңілдетеді, сондай-ақ сұрау салынған учаске туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың маусым айында біз «Minerals.gov.kz» платформасын іске қостық. «Minerals.gov.kz» бірыңғай платформасында 2462 пайдаланушы тіркелді, оның 801-і электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланды. Барлауға қатысты келіп түскен электрондық өтініштердің жалпы саны – 1226, ал өндіруге қатысты өтініштердің саны – 28. Бұл кезеңде қатты пайдалы қазбаларды барлауға 120 лицензия берілді.

«Платформаға арналған автоматты құралдар табиғатты пайдалану бойынша проблемаларды бірден көрсетеді. Осылайша, платформаны пайдаланушының заңдарға сәйкес, бірыңғай терезе арқылы барлау немесе өндіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген/тыйым салынған учаскелерді қарауға және таңдауға мүмкіндігі бар», – деді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

«Minerals.gov.kz» платформасының картасында мемлекеттік органдардың тиімді жұмысы үшін жерасты сулары, жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры, елді мекендер, гидротехникалық құрылыстар, су қорғау аймақтары мен белдеулер, қорымдар, зираттар, инженерлік құрылыстар, МЖК ААЖ-нің жер учаскелері сияқты қабаттар жүктелді. Аталған ақпарат (қабаттар) жер қойнауын пайдалану қызметін жүргізуге тыйым салынған учаскелерді ескере отырып, учаскені таңдауды келісу процесін орталықтан жеңілдетуге және жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл барлау жұмыстарын заңсыз жүргізу тәуекелдерінің алдын алады.

Әлеуетті жер қойнауын пайдаланушылар учаскені таңдау кезінде өтінім беру туралы шешім қабылдау үшін геологиялық зерделеу есептерін қарауы қажет. Платформа геологиялық зерттеу есептерін қашықтан цифрлық форматта қарауға мүмкіндік береді.

Жер қойнауын пайдаланушылардың «Minerals.gov.kz» бірыңғай платформасының функционалын кеңейту аясында лицензиялық-келісімшарттық шарттардың (ЛКШ) есептілігін тапсыру модулін енгізуі жоспарлануда. Жаңартылған нормаларға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар қаңтардан сәуірге дейін атқарылған жұмыс туралы есептерді ұсынуы қажет. Енді лицензиялар мен келісімшарттармен бірге, барлық құжаттама бірыңғай цифрлық платформада басқарылады. Бұл жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметті барынша тиімді жүргізуді қамтамасыз етеді.

Бұл модуль жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, табиғи ресурстарды басқарудың тиімділігі мен ашықтығын жақсарту бағытындағы маңызды қадам болып саналады.

ЦДИАӨМ баспасөз қызметі