slider 

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанындағы Цифрлық трансформация орталығына (ЦТО) барды. Министр Бағдат Мусин вице-премьерді ЦТО жобаларымен таныстырды. ЦТО мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін нақтылап, оңтайландыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың заманауи және ортақ ІТ-құрылымын жасау мақсатында мемлекеттік органдардың бизнес-процессіне реинжиниринг жасауға бағытталған. Іссапар барысында вице-премьер ЦТО қызметімен танысып, мемлекеттік органдардың әлеуметтік бағыттағы бизнес-үдерістерін қайта құру бойынша ақпаратты тыңдап, мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы өзгерістер мен оңтайландыру шаралары клиенттердің мүддесіне орай жүргізілу керектігін атап өтті. Ералы Тоғжанов дәрі-дәрмектер айналымы мен фармацевтика нарығындағы барлық өкілдерді, медициналық қызметтер мен науқастар тізімін, яғни күллі қызмет үрдісін цифрландыру арқылы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше тоқталды. Соның ішінде дәрі-дәрмектерді елге жеткізу және тіркеу жобасымен қатар бақылау және қадағалау жүйесін де енгізу арқылы дәрі-дәрмектер айналымын ашық және басқаруға қолайлы етуге, сондай-ақ осы саладағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік туатыны да айтылды. Іссапар нәтижесінде вице-премьер ЦТО-ға әлеуметтік сала бойынша жаңа цифрлық шешімдер енгізу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/231073?lang=kk